Бокстан ересектер арасында өткен Қазақстан чемпионатында Жетісу облысының құрамасы алты медаль жеңіп алды. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Вестник Жетісу» басылымы хабарлады. Ел біріншілігі 30 қазан мен 6 қараша аралығында «Тараз Арена» кешенінде өтті. Қазақстан бокс федерациясының мәліметінше, жарысқа елдің 20 өңірінен 369 спортшы қатысқан.
Облыс құрамасының ең үлкен жетістігін 60 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан Әділбек Қожахан көрсетті. Ол жартылай финалда әлем чемпионы Оразбек Асылқұловты жеңді. Ал финалда жарысты өткізген өңірдің, яғни Жамбыл облысының боксшысы Бибарыс Жексеннен басым түсіп, Қазақстан чемпионы атанды.
50 келіге дейінгі салмақта текелілік Диас Берікбай финалға жетті. Шешуші айқаста ол Жамбыл облысының өкілі Нұрзат Оңғаровқа есе жіберіп, күміс медальға ие болды. 60 келіде Анар Тұрсынбек те күміс жүлде алды. Анель Құдайберген (48 кг), Құралай Егінбайқызы (80 кг) және Алмат Әбдуәли (70 кг) қола медаль жеңіп алды.
Дереккөз: Вестник Жетісу (vestnik19.kz). Фото: Вестник Жетісу (vestnik19.kz)
