Әйелдер мен отбасыларға арналған қолдау орталықтары желісі кеңейіп келеді

Әйелдер мен отбасыларға арналған қолдау орталықтары желісі кеңейіп келеді

Талдықорған қаласында отбасылық құндылықтарды нығайту мен әйелдерге жан-жақты көмек көрсету мақсатында «Жанұя» отбасын қолдау орталығы ашылды.
Ашылу салтанатына «AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер қанатының төрағасы Назгүл Жақыпбаева, қанат мүшелері, Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл, облыстық мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері және көпбалалы аналар қатысты.


Назгүл Жақыпбаева орталықтағы әйелдермен кездесіп, Әйелдер қанатының негізгі бағыттарын түсіндіріп, республика бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті.
«Әйелдер – қоғамның тірегі, отбасының ұйытқысы. Біз әйелдердің тек тұрмыстық қиындықтарды еңсеріп қана қоймай, өз әлеуетін дамытуына, кәсібін ашып, табыс табуына жағдай жасауымыз керек. Осындай орталықтар нәзік жандыларға қолдау көрсетіп қана қоймай, олардың өз күшіне сенуіне мүмкіндік береді. Отбасындағы тұрақтылық – елдің тұрақтылығының кепілі», — деді Әйелдер қанатының төрағасы Назгүл Жақыпбаева.

Жаңа орталықтың басты мақсаты – отбасылық құндылықтарды сақтау, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, психологиялық және құқықтық көмек көрсету. Мұнда азаматтарға әлеуметтік кеңес беру, кәсіп ашуға бағыт-бағдар көрсету және отбасылық дауларды медиация арқылы шешу қызметтері ұсынылады.
Сондай-ақ Ескелді ауданында іскер әйелдердің белсенділігін арттыру және кәсіпкерлікке баулу мақсатында Әйелдер қанатының мүшелері қатысқан бизнес-тренинг ұйымдастырылды.
Шараны Ескелді аудандық «Жетісу шұғыласы» газетінің бас редакторы, аудандық іскер әйелдер қоғамының төрайымы, Әйелдер қанатының мүшесі Іңкәр Нұрсұлтанова мен қоғам белсендісі Құралай Болатқызы жүргізді.
Тренинг барысында қатысушыларға шағын және орта бизнесті бастау тетіктері, мемлекеттік қолдау мен субсидиялар алу мүмкіндіктері, бизнес-жоспар жасаудың негізгі қағидалары түсіндірілді. Қатысушылар кәсіп бастаудағы кедергілер мен оларды еңсеру жолдарын талқылады.
«Мұндай тренингтер әйелдердің өз-өзіне деген сенімін арттырып, жаңа идеялармен шабыттануға жол ашады. Экономикалық тұрғыдан белсенді әйел – қоғамның қозғаушы күші», — деді Іңкәр Ерболқызы.
Айта кетейік, Алакөл ауданында да «Жанұя» отбасын қолдау және белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Бұл мекеме қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға кешенді әлеуметтік қолдау көрсетеді.
Орталық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға, көпбалалы және жалғызбасты аналарға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, құжатсыз жүрген азаматтарға көмек көрсетеді.

Мекемеде психологиялық, әлеуметтік және заңгерлік кеңес беру, құжат рәсімдеуге жәрдемдесу, балалармен жеке жұмыс жүргізу және қажетті жағдайда мемлекеттік органдарға жолдама беру қызметтері ұсынылған.
Орталық денсаулық сақтау, білім беру мекемелерімен және ішкі істер органдарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Құрамында 223 мобильді топ бар, олардың қатарында әлеуметтік педагогтар, психологтар, полиция және пробация қызметкерлері, сондай-ақ жергілікті әкімдік өкілдері бар.
«AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер қанатының бастамасы аясында мұндай орталықтар еліміздің барлық өңірінде ашылып, әйелдер мен отбасыларға нақты көмек көрсету ісін жүйелі түрде жолға қоюды көздейді.

Комментарии

Комментариев пока нет. Почему бы ’Вам не начать обсуждение?

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *