Жетісудағы «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде дәстүрлі күзгі фестиваль өтті. Оның жаңартылған форматы этномәдениетті, спортты және туризмді біріктірді, деп хабарлады Vestnik19.kz.
Биылғы бағдарлама ерекше қызықты болды. Қонақтар тау трейлінде күш сынасып, этникалық музыка орындаушыларын тамашалады, экскурсияларға барып, ежелгі петроглифтерді көрді, ұлттық қолөнер бойынша шеберлік сыныптарына қатысты. Қатысушылардың көпшілігі үшін күннің ең есте қаларлық сәті құландарды табиғи ортасында бақылау болды. Фестивальге Алматы, Талдықорған және еліміздің басқа қалаларынан келгендермен қатар шетелдік туристер мен халықаралық БАҚ өкілдері де қатысты.
Бастаманың басты мақсаты – ұлттық мұраны насихаттау, экотуризмді дамыту және өңірдің биоәртүрлілігіне ұқыпты қарауға шақыру. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, жобаны Qazaq National Parks, «Петроглиф аңшылары» қоғамдық қоры, «Алтынемел» паркінің басшылығы, Жетісу облысының әкімдігі, Central Asian Sustainable Tourism Development Foundation және DDA агенттігі бірлесіп ұйымдастырған. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар Жетісудағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың туристік әлеуетін арттыруға серпін беретінін атап өтті.
Дереккөз: Vestnik19.kz. Фото: Vestnik19.kz

