Жетісу облысында ұстаздар күніне орай салтанатты шара ұйымдастырылып, білім беру саласының ардақты өкілдеріне құрмет көрсетілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында ұстаз мәртебесіне айрықша тоқталып, білім беру жүйесінің стратегиялық маңызын ерекше атап өткен болатын:
«Қазақстанның басты байлығы – адам. Қарым-қабілеті зор, білімді азаматтар елімізді алға бастайды. Сол үшін білім беру жүйесін жан-жақты дамыту қажет. Білім сапасын, әсіресе, орта білімнің деңгейін арттыру үшін батыл шешім қабылдау керек. Білім беру саласында ұстаз – ең басты тұлға» деген болатын.

«AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Арыстанғали Қадырұлы ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, ыстық ықыласын білдірді. Ол өз сөзінде:
Ұстаз – ұлттың рухани тірегі, елдің ертеңін қалыптастыратын тұлға. Сіздердің білім мен тәрбие жолындағы қажырлы еңбектеріңіздің арқасында жас ұрпақ өз армандарына қанат қағып, елдің өркендеуіне үлес қосуда.
Бүгінгі таңда біздің партиямыздың қатарында 16 мыңнан астам ұстаз бар. Бұл – ұстаздардың қоғамдағы үлкен беделі мен ықпалының айғағы. Сіздердің азаматтық белсенділіктеріңіз, жаңа идеяларға ашықтығыңыз, елдің болашағына бей-жай қарамайтындығыңыз біз үшін қашан да мақтаныш – деп атап өтті.

Осыған орай, білім мен тәрбиені ұрпақ бойына сіңіруде қажырлы еңбек етіп жүрген мұғалімдерге «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісі, Құрмет грамотасы берілді, сондай-ақ партияның Атқарушы хатшысы Даулет Кәрібектің алғыс хаттары табысталды.
Сонымен қатыр, Жетісу өңірінде білім саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген ұстаздарға арнайы марапаттар табысталды. Мерекелік жиында облыстық филиал төрағасы мен Облыстық білім басқармасының басшысы ұстаздарға алғыс хаттар тапсырды.

Бұл марапаттар – ұстаздар қауымына деген зор құрмет пен ризашылықтың белгісі. Себебі ұлағатты ұстаз – тек білім беруші ғана емес, елдің болашағын қалыптастырушы, ұлттық құндылықтардың жанашыры.

