Өңірлерде өнеркәсіптің дамуы халықты жұмыспен қамту деңгейіне және экономиканың тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Жетісу облысында өндіріске қолдау көрсету және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру әлі де өзекті болып отыр.
Бұл мәселелер Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Руслан Қожасбаев пен Болат Керімбек Талдықорған қаласына сапары барысында қаралды. Депуттар бірқатар стратегиялық маңызы бар өндіріс орнын аралап, олардың қызметімен және даму жоспарымен танысты.
Сол нысандардың бірі – «Талдықорған Кабель» ЖШС. Кәсіпорын 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол бүгінде шамамен 200 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр және ішкі нарықта сұранысқа ие өнім шығарады. Депутаттар мұндай өндіріс орындары импортқа тәуелділікті азайтып, өңір экономикасын нығайта түсетінін атап өтті.

Өндірістік инфрақұрылымды дамыту облыстың өсуі үшін маңызды шарт болып қала береді. Қазіргі уақытта Жетісу өңірінде ондаған инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Онда жаңа жұмыс орындары ашылып, өнеркәсіп өндірісі тұрақты өсім көрсетіп отыр. Бұл мәселелер алдағы уақытта да партияның тұрақты бақылауында болады.


