ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ БОЛАТ КЕРІМБЕК ҚОРҒАС ӘСКЕРИ ҚАЛАШЫҒЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІМЕН ТАНЫСТЫ

ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ БОЛАТ КЕРІМБЕК ҚОРҒАС ӘСКЕРИ ҚАЛАШЫҒЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІМЕН ТАНЫСТЫ

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Болат Керімбек Панфилов ауданына жұмыс сапары аясында Қорғас ауылында болып, «Қорғас» әскери қалашығындағы аяқталмаған құрылыс нысандарының қазіргі жағдайымен танысты.

Сапар барысында Мәжіліс депутаты әскери қалашық аумағын аралап, аяқталмай қалған инфрақұрылым нысандарының жай-күйін көзбен көрді. Сонымен қатар, әскери қызметшілермен және жауапты сала өкілдерімен кездесіп, аяқталмаған құрылыс салдарынан туындап отырған әлеуметтік-тұрмыстық қиындықтар мен қызмет өткеру барысындағы өзекті мәселелерге назар аударды.

Аталған әскери қалашықтың құрылысы 2007 жылы басталғанымен, түрлі себептерге байланысты құрылыс жұмыстары 2009 жылғы 20 желтоқсанда тоқтатылған. Жобалық жоспарға сәйкес, барлығы 54 нысан салу көзделген. Алайда олардың 19-ы ғана басталып, бүгінгі күнге дейін аяқталмаған құрылыс күйінде қалып отыр.

Қазіргі уақытта әскери қалашық аумағындағы аяқталмаған құрылыс нысандары бойынша құрылысты қайта жандандырудың орындылығын немесе оларды есептен шығару мүмкіндігін анықтау мақсатында кешенді техникалық тексеру жүргізу қажеттігі туындап отыр. Бұл мәселе әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен өмір сүру сапасын қамтамасыз ету тұрғысынан ерекше маңызға ие.

Кездесу барысында Болат Керімбек әскери қызметшілердің көтерген мәселелерін мұқият тыңдап, аяқталмаған құрылыс проблемасын шешу арқылы олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

Мәжіліс депутаты өз сөзінде: «Әскери қызметшілерге лайықты жағдай жасау – бұл тек әлеуметтік мәселе емес, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі. Қорғас әскери қалашығындағы аяқталмаған құрылыс нысандары жан-жақты зерделеніп, әрбір нысан бойынша нақты шешім қабылдануы тиіс. Бұл мәселе Парламент деңгейінде де бақылауда болады», – деді Болат Керімбек.

Комментарии

Комментариев пока нет. Почему бы ’Вам не начать обсуждение?

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *