Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Болат Керімбек пен Руслан Қожасбаев сондай-ақ Данияр Қасқарауов Жетісу облысына жасаған жұмыс сапары барысында Сарыөзек ауылында орналасқан 29108 әскери бөлімге барып, жеке құраммен жүздесті.
Кездесу барысында депутаттар әскери қызметшілерге қатысты қолданыстағы заңнамалық талаптар туралы айтып, әскери саладағы құқықтық реттеу мәселелеріне кеңінен тоқталды. Сарбаздар әскери қызметтің ерекшеліктері, тәртіп талаптары, әлеуметтік кепілдіктер мен құқықтық нормалар жөнінде өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.
Халық қалаулылары әскери заңдардың орындалу барысын талқылап, қорғаныс саласын дамытуға бағытталған заңнамалық бастамалар жөнінде ақпарат берді. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, сарбаздардың ұсыныс-пікірлері назарға алынды.

Мәжіліс депутаты Болат Керімбек өз сөзінде әскери қызметтің мемлекет үшін маңызын атап өтті:
«Ел қорғаны – Қарулы Күштер. Сондықтан әскери қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік тұрғыда қорғалуына ерекше мән берілуі тиіс. Біз сарбаздардың пікірін тікелей тыңдап, заңнаманы жетілдіру барысында соны ескереміз», – деді ол.
Руслан Қожасбаев та әскери бөлімдегі тәртіп пен ұйымшылдықты атап өтіп, сарбаздардың қызмет атқаруына барлық қажетті жағдай жасалуы тиіс екенін жеткізді.


