Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Болат Керімбек Жетісу облысына жұмыс сапары аясында «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында болып, нысанның қазіргі қызметімен және даму әлеуетімен танысты.
Сапар барысында Мәжіліс депутаты «Қорғас» ШЫХО АЭА аумағында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың барысын көріп, орталықтың сауда-экономикалық, логистикалық және туристік бағыттағы мүмкіндіктеріне назар аударды. Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймақ аумағында 33 инвестициялық компания жұмыс істеп, жалпы саны 45 жоба іске асырылуда.
Орталыққа тәулігіне орта есеппен 4 500-ден астам турист келіп, 70 тоннаға жуық жүк тасымалданады. Бұл көрсеткіштер «Қорғас» орталығының халықаралық сауда, туризм және көлік-логистика саласындағы стратегиялық маңызын айқындайды. Бүгінде нысанда 340 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жұмыс сапары барысында шекара маңы сауда-экономикалық ынтымақтастығын дамыту, экспортқа бағдарланған салаларды кеңейту, кәсіпкерлік пен инвестициялық ортаны жандандыру, көлік инфрақұрылымын, туризмді және мәдени өзара іс-қимылды дамыту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, арнайы экономикалық аймақ орналасқан Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беру жолдары қарастырылды.

«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы – еліміздің экономикалық өсімінің маңызды драйверлерінің бірі. Мұнда инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, экспорттық әлеуетті арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау нәтижесінде бұл орталық алдағы уақытта Жетісу облысының ғана емес, бүкіл ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосады», – дейді Мәжіліс депутаты Болат Керімбек.
Айта кетейік, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы Қазақстан мен көршілес елдер арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқарып отыр. Алдағы кезеңде орталықтың инфрақұрылымын одан әрі дамыту, инвестициялық тартымдылығын арттыру және жаңа жобаларды іске қосу арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін күшейту көзделуде.

