📌Психологтар мен әйелдер қанаты мүшелерінің қатысуымен «Сөйлесейік, әпке» атты диалог алаңы ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – жастар арасында ашық диалог қалыптастыру, психологиялық саулықты нығайту және өмірлік маңызды мәселелер бойынша кәсіби бағыт-бағдар беру.
🔹Кездесуге Жастар денсаулық орталығының координаторы Каденова Сая, психолог Исламжанова Сабира қатысып, жастармен еркін форматта пікір алмасты. Мамандар жастарды толғандыратын өзекті тақырыптарға тоқталып, эмоционалдық тұрақтылық, өз-өзіне сенімділік, тұлғааралық қарым-қатынас мәдениеті мен жеке шекараны сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

🔹Шараның арнайы қонағы әйелдер қанатының белсенді мүшесі, Педагогика және психология факультетінің оқытушы-дәріскері, философия докторы (PhD) Мамекова Асем Таңірбергенқызы болды. Ол өз сөзінде жастардың тұлғалық дамуы, саналы шешім қабылдау, өмірлік құндылықтарды айқындау және қазіргі қоғамдағы әйелдің орны туралы терең ой қозғап, мазмұнды пікірлерімен бөлісті.

🔹Диалог алаңы барысында Талдықорған сервис және технология колледжінің білімгерлері өздерін толғандырған сұрақтарын ашық қойып, сала мамандарынан нақты әрі пайдалы жауаптар алды. Ашық әрі сенімді атмосферада өткен кездесу жастардың психологиялық мәдениетін арттыруға, өз ойларын еркін жеткізуге және өмірлік ұстанымдарын қалыптастыруға оң әсерін тигізді.
📍Аталған іс-шара жастардың жан-жақты дамуына, олардың рухани және психологиялық саулығын нығайтуға бағытталған маңызды диалог алаңы ретінде жоғары бағаланды.


