«AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Арыстанғали Арын Кербұлақ ауданына қарасты Сарыбұлақ ауылына жұмыс сапарымен барып, елді мекендегі өзекті мәселелермен танысты.
Сапар барысында ауыл ішіндегі және айналасындағы құм басу қаупі бар жол учаскелері арнайы араланып, олардың қазіргі жағдайы зерделенді. Тексеру кезінде құм жиналған аумақтарды тазарту, жол инфрақұрылымын қалпына келтіру және оларды тұрақты күтіп-ұстау мәселелері жан-жақты қарастырылды.
Жергілікті мамандар мен сала өкілдері құм көшкінінің алдын алу бойынша ұсыныстарын ортаға салып, бұл бағытта кешенді шараларды күшейту қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, құм тоқтату жұмыстарын жүйелеу, қорғаныс тосқауылдарын орнату және жасыл желек белдеулерін көбейту мәселелері көтерілді.

Арыстанғали Арын өз сөзінде көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын айтып, оларды шешу бағытында нақты жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Ол: «Ауыл инфрақұрылымын қорғау және дамыту – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Құм көшкіні мәселесі кезең-кезеңімен шешілетін болады», – деді.
Мамандардың айтуынша, аталған шаралар ауылды табиғи қауіптен қорғап қана қоймай, жол инфрақұрылымының тұрақтылығын қамтамасыз етуге де мүмкіндік береді.
Іс-сапар аясында Сарыбұлақ орта мектебінде ауылдың зиялы қауым өкілдерімен кездесу өтті. Кездесу барысында 2023–2026 жылдарға арналған «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Сонымен қатар, өңірде жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» және «Жер аманаты» партиялық жобаларының мазмұны кеңінен түсіндірілді.

Айта кету керек «Ауыл аманаты» партиялық жобасы аясында Кербұлақ ауданныда 64 адам мал шаруашылығы, қоғамдық тамақтандыру және тігін цехы бағы бойынша несие алып, 74 адам жұмыспен қамтылды
Кездесуде халық қалауы бұл бастамалардың ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартудағы маңызын атап өтті.
Жалпы сапар барысында айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелер тиісті сала мамандарының бақылауына алынып, оларды кезең-кезеңімен шешу бойынша жұмыстар жалғасатын болады.


