«Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің Жетісу облыстық филиалы мен «Жетісу жастары ұйымының Конгресі» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Әкелер форумы» өтті.
Форумға Талдықорған қаласы мектептерінің оқушыларының әкелері мен арнайы шақырылған спикерлер қатысып, отбасы құндылықтарын нығайту, бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі және ұрпақ сабақтастығы мәселелерін талқылады.
Іс-шараны «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің Жетісу облыстық филиалының төрағасы Арыстанғали Арын ашып, форумның маңызына тоқталды. Ол өз сөзінде отбасы институтын нығайту, әкенің бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және өнегелі әкелердің өмірлік тәжірибесін кейінгі буынға насихаттаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, қоғамдағы әке мәртебесін көтеру – саналы, тәрбиелі және отансүйгіш ұрпақ қалыптастырудың басты кепілі екенін жеткізді.
Форумның басты мақсаты – ұлт тәрбиесінің алтын арқауы, отбасының берік тірегі, ұрпаққа бағыт-бағдар беретін асыл тұлға – әкенің қоғамдағы мәртебесін ұлықтау, ұлттық құндылықтарды насихаттау және өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі әке жауапкершілігін арттыру.

Іс-шара барысында Ардагерлер кеңесінің төрағасы, партия ардагері Ермек Әбілмәжінұлы «Бала тәрбиесіндегі әкенің ықпалы» тақырыбында баяндама жасап, әкенің отбасындағы беделі мен тәрбиелік ықпалының маңызы туралы ой-пікірлерімен бөлісті.
Сондай-ақ, «Саналы ұрпақ қалыптастыру: жауапкершілік пен өнеге» тақырыбында «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы Жеңіс Хамитұлы сөз сөйлеп, ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтардың рөліне, жауапкершілік пен өнегенің жас буынның тұлға болып қалыптасуындағы маңызына тоқталды.
Форум аясында қоғамға еңбегі сіңген, отбасы құндылықтарын берік ұстанып, бала тәрбиесінде өнеге көрсетіп жүрген үлгілі әкелер марапатталды. Қатысушылар отбасы институтын нығайту, жас ұрпаққа сапалы тәрбие беру және әке мәртебесін көтеру бағытындағы өз ұсыныстарын ортаға салды.

Осындай тағылымды кездесулер отбасы құндылықтарын дәріптеп, әр шаңырақтағы сыйластық пен бірлікті нығайтуға, әке беделін арттыруға және жауапты ұрпақ тәрбиелеуге өз үлесін қоса беретіні сөзсіз.

