«Әділет» партиясы: Жетісуда балалардың құқықтарын қорғау бойынша азаматтардың өтініштері қаралды

«Әділет» партиясы: Жетісуда балалардың құқықтарын қорғау бойынша азаматтардың өтініштері қаралды

«Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы аясында балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға арналған ашық есік күні өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың бала тәрбиесі мен әл-ауқатына қатысты мәселелерін тыңдап, құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсету, сондай-ақ азаматтарға тиісті мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау тетіктері жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Кездесуге «Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Амангелді Есбай, Жетісу облыстық партия  филиалы жанындағы Әйелдер қанатының төрағасы Гүлниса Тұлымшақова және білім беру, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, балалардың құқықтарын қорғау, тұрғын үй мәселелері бойынша жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Қабылдау барысында 30-дан астам өтініш келіп түсті. Тұрғындар негізінен тұрғын үй мәселесі, балаларды балабақшаға орналастыру, білім алу мүмкіндіктері мен мектепке қатысты мәселелер, әлеуметтік қолдау шаралары, медициналық көмек алу, сондай-ақ құқықтық кеңес алу бағытында сауалдарын жеткізді. Әрбір өтініш жеке қаралып, азаматтарға мәселенің шешілу тәртібі түсіндірілді.

Мәселен, бес баланың анасы Райгүл Ибраева ыстық тамақпен қамтамасыз ету мәселесі бойынша көмек сұрады. Балалары басқа мектепке ауысқаннан кейін, ыстық тамақпен қамтылатын балалар тізіміне енгізілмей қалған. Өтініш бойынша мектеп директорымен жедел байланыс орнатылып, оқушы тиісті тізімге енгізілді. Нәтижесінде қызы Рамина дүйсенбі күннен бастап ыстық тамақпен қамтамасыз етілетін болды.

Тағы бір өтініш иесі – аз қамтылған отбасы өкілі Жанар Қызаева. Ол 9-сыныпта оқитын баласы Арнұр Қожагелдіні №8 орта мектептен №7 орта мектепке ауыстыру мәселесі бойынша жүгінді. Оның айтуынша, №7 мектепте сыныптардың толық болуына байланысты баланы қабылдау мәселесі туындаған. Ал бұл отбасы баланы алыс мектепке жіберуге мүмкіндігі жоқ. Мәселені жедел шешу мақсатында №7 орта мектеп директорымен байланыс орнатылып, оқушыны мектепке ауыстыру бойынша көмек көрсетілді. Мектеп директоры ата-анаға баласымен бірге мектепке келіп, қажетті құжаттарды рәсімдеуді ұсынды.

Ашық есік күні барысында балалардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, олардың білім алуына және қажетті мемлекеттік қолдауға қол жеткізуіне қатысты бірқатар мәселелер тиісті сала мамандарының назарына ұсынылды.

«Республика бойынша алғаш рет «Әділет» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелері арқылы бірыңғай балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау мәселелеріне арналған осындай форматтағы Ашық есік күні өткізіліп отыр. Ең алдымен, өздеріңізді толғандыратын мәселелермен келіп, ашық пікір білдіруге дайын болғандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Баланың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – баршамызға ортақ маңызды міндет. Әрбір баланың білім алуға, қауіпсіз ортада өмір сүруге, қажетті әлеуметтік және психологиялық қолдау алуға құқығы бар», – деді «Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Амангелді Есбай.

Ашық есік күні аясындағы қабылдаулар азаматтардың мәселелерін тікелей тыңдап, оларды тиісті сала мамандарымен бірлесе отырып жедел шешуге мүмкіндік берді.

Комментарии

Комментариев пока нет. Почему бы ’Вам не начать обсуждение?

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *