Талдықорған қаласында салынып жатқан жаңа емхана жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Жетісу облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап, Elordainfo.kz хабарлады.
Жалпы аумағы 11,5 мың шаршы метр болатын нысан бір ауысымда 500 науқас қабылдауға арналған. Басқарманың мәліметінше, негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары 90 пайызға, су, жылу, электр, интернет және қауіпсіздік жүйелерін орнату 98 пайызға, абаттандыру 75 пайызға орындалған. Құрылыс алаңында 150-ге жуық маман мен 5 техника жұмыс істеп жатыр. Құрылысты 2026 жылғы 30 қарашада аяқтау көзделген.
Жаңа емханада магнитті-резонанстық және компьютерлік томография, рентген және маммография аппараттары, сондай-ақ жеке зертхана орналасады. Осылайша тұрғындар қажетті тексерулердің көбін бір ғимараттың ішінде тапсыра алады. Нысан маңындағы шағын аудандардың тұрғындарына қызмет көрсетеді.
Басылымның хабарлауынша, қазір облыс орталығында үш жаңа емхана салынып жатыр.
Дереккөз: Elordainfo.kz. Фото: Elordainfo.kz

