Жетісу облысында биыл үш экопарк құру жоспарланып отыр. Kapital.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады. Экопарктер Талдықорған, Текелі және Сарқан маңында орналасады.
Талдықорғаннан шамамен 3 шақырым жердегі «Тасбақа» экопаркінің аумағы 38 гектар болады. Ондағы төбе мен оның маңындағы петроглифтер бұрын жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілген. Мұнда шолу алаңы, орындықтар, беседкалар, автотұрақ, санитариялық нысандар мен қоқыс жәшіктері орнатылмақ. Текелі маңындағы 21 гектарлық «Серкесай» экопаркі көркем табиғатымен белгілі, ол белсенді және отбасылық демалысқа ыңғайлы. Сарқан қаласының ішіндегі 15 гектарлық «Қойтас» паркінде табиғи ландшафт сақталып, ағаш отырғызылған және жануарлардың мүсіндері қойылған.
Облыстық туризм басқармасының басшысы Сәкен Түкібаевтың айтуынша, бұл үш нысан өңірде экологиялық және танымдық туризмнің дамуына жаңа серпін береді. Еске сала кетейік, 2025 жылғы желтоқсанда Мемлекет басшысы Үкімет пен облыс әкімдеріне ірі қалалар мен облыс орталықтарының маңында экопарктер құруды тапсырған болатын.
Дереккөз: Kapital.kz. Фото: Kapital.kz

