Жетісу облысының жалпы өңірлік өнімі 2022 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық өсіп, шамамен 2,5 трлн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш облыс әкімдігінде өткен 2025 жылдың әлеуметтік-экономикалық қорытындысына арналған отырыста айтылды. Zakon.kz хабарлағандай, жиынды облыс әкімі Бейбіт Исабаев өткізіп, негізгі баяндаманы әкім орынбасары Әсет Қанағатов жасады.
Соңғы үш жылда өңірге 1,5 трлн теңге инвестиция тартылған. Жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызға дейін төмендеді. 2023–2025 жылдары 1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 11 мыңға жуық отбасы баспаналы болды. 110 елді мекен газға қосылып, облыстағы газдандыру деңгейі 67 пайызға жетті.
Инфрақұрылым саласында Талдықорған – Үшарал магистральдық газ құбыры салынды, Достық – Мойынты учаскесінде екінші теміржол желісі іске қосылды. Биылғы басым бағыттар қатарында агроөнеркәсіптік өңдеу, өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, жаңа жұмыс орындары мен денсаулық сақтау аталды. Отырыста 2025 жылдың үздіктері де марапатталды. «Үздік аудан» атағын Көксу ауданының әкімдігі иеленді.
Дереккөз: Zakon.kz. Фото: Zakon.kz

