«Жетісу» ерлер волейбол командасы Қазақстан Суперкубогының иегері атанды. Финалда жетісулық волейболшылар өткен маусымдағы ел чемпионы Оралдың «Жайық» командасын 3:0 есебімен жеңді. Бұл туралы «Жетісу» телеарнасы хабарлады.
Жеңістен кейін облыс әкімі Бейбіт Исабаев клуб өкілдерімен кездесті. Ол спортшыларды жоғары нәтижемен құттықтап, күшті командалар бақ сынаған жарыста өңірдің намысын қорғағаны үшін алғыс айтты. Команданың негізгі бөлігін Жетісу облысының спортшылары құрайды. Сонымен қатар құрамда Абай, Павлодар облыстары мен Шымкенттен келген ойыншылар және Ресейден шақырылған екі легионер бар.
Жетісулық волейболшылар Қазақстан біріншілігінің ұлттық лигасында да көш бастап тұр. Команда 11 наурызда Көкшетауда басталатын кезекті тур ойындарына дайындалып жатыр. Өңір басшысы спортшыларға алдағы ойындарда сәттілік тілеп, ел чемпионы атағын жеңіп алуды тапсырды.
Дереккөз: «Жетісу» телеарнасы. Фото: «Жетісу» телеарнасы

