Алакөл жағалауындағы Ақши ауылында кәріз суын тазартатын станцияның құрылысы жүріп жатыр. «24KZ» арнасының хабарлауынша, курорттық аймақтағы ірі жоба өткен жылы басталып, осы уақытқа дейін 70 шақырым инженерлік желі тартылған.
Жоба Мемлекет басшысының жағалауды ретке келтіру, туристерге қызмет көрсету сапасын арттыру және демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы аясында іске асырылуда. Алакөл жағасында 300-ден астам демалыс орны бар. Кәсіпкерлердің айтуынша, қазір олар кәрізді арнайы көлікпен жиі тазартуға мәжбүр, бұл айтарлықтай шығынға әкеледі. Сондай-ақ электр жарығының үзілмеуі де олар үшін маңызды мәселе болып отыр.
Мердігер ұйымның мәліметінше, жұмыстың 70 пайызы орындалған. Құрылысты 31 қыркүйекке дейін аяқтап, кейін шетелдік тазарту жабдығын орнату жоспарланған. Демалыс орындарының иелері күткен кәріз жүйесі келесі жылы толық іске қосылмақ. Бұл жоба курорттық аймақтың экологиялық жағдайын жақсартып, демалушыларға жайлы жағдай жасауға септігін тигізеді деп күтілуде.
Дереккөз: 24.kz. Фото: 24.kz

