Жетісу облысының диқандары егін орағына кірісті. «24KZ» арнасының хабарлауынша, биыл өңірде 173 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар себілген. Шаруалар әр гектардан кемінде 20–25 центнер өнім алуды көздеп отыр.
Сарқан ауданындағы шаруашылықтарда көктемгі жауын-шашынның арқасында егін жақсы шыққан. Шаруа қожалықтарының өкілдері былтыр құрғақшылық салдарынан өнім аз болғанын, ал биыл кейбір алқаптардың гектарына 25–30 центнерге дейін өнім беріп жатқанын айтты. Механизаторлар ауа райы бұзылмай тұрғанда астықты тезірек жинап алуға асығуда.
Сарқан ауданы әкімінің орынбасары Ғазиз Есжановтың айтуынша, былтыр аудан бойынша орташа өнімділік гектарына 26,6 центнер болса, биыл 30 центнерге жуық күтілуде. Былтыр қамбаға 137 мың тонна астық құйылса, биыл бұл көрсеткіш 157 мың тоннаға жетуі мүмкін.
Облыс бойынша жиын-терін енді басталды. Хабар шыққан күнге дейін 173 мың гектардың 27 мың гектары орылып, орташа өнімділік гектарына 18 центнер шамасында болған. Енді басты міндет – өнімді шығынсыз жинап алу.
Дереккөз: 24.kz. Фото: 24.kz

