Талдықорғандағы Жетісу университетінде итальяндық жазушы, эколог әрі қоғам қайраткері Роберто Болтридің «Марке: Шығысқа ашылған қақпа» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлады dalanews.kz. Іс-шараға университет ректоры Ермек Бөрібаев, профессор-оқытушылар мен қызметкерлер қатысты. Автор кітабының бірнеше данасын оқу орнының кітапханасына сыйға тартты.
Кітапта Италияның Марке аймағы мен Орталық Азия халықтары арасында ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи, мәдени және экономикалық байланыстар сөз болады. Автор Ұлы Жібек жолының маңызына тоқталып, оның бойындағы Жетісу өңірінің табиғатын, тарихи мұрасы мен мәдени ерекшеліктерін шетелдік оқырманға таныстырады. Роберто Болтри Алматыда ұзақ жыл тұрғанын, Қазақстанның табиғаты мен тарихы шығармашылығына әсер еткенін айтты. Ол кітабында Жетісу университетінде ашылған Марке политехникалық университеті филиалына ерекше мән бергенін, мұны екі ел арасындағы ғылым мен білім саласындағы байланыстың нақты нәтижесі деп санайтынын жеткізді.
Ректор Ермек Бөрібаев авторға университетке келіп, филиалдың жұмысымен танысқаны, студенттермен және итальяндық оқытушылармен кездескені үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, филиал кітапханасы автор сыйлаған экологиялық және тарихи тақырыптағы еңбектермен толықты. Жазушының бұған дейін Карлаг лагерінде қуғын-сүргінге ұшыраған итальяндықтардың тағдыры туралы «Ұмытылған қасірет» атты кітабы да жарық көрген.
Дереккөз: dalanews.kz. Фото: dalanews.kz

