Жетісу облысының Кербұлақ ауданындағы Басши ауылы елдегі ең үздік туристік ауылдардың қатарына қосылды. «24KZ» арнасының хабарлауынша, «Алтынемел» ұлттық паркінің іргесінде орналасқан ауылға жыл сайын 30 мыңға жуық саяхатшы келеді.
Жергілікті тұрғындар туристерге қонақ үй мен көлік қызметін ұсынып, ұлттық дәстүрді таныстыруға күш салуда. Ауылдағы кәсіпкерлердің бірі шетелдік қонақтарға автоүйлер мен киіз үйлерді жалға беріп, жолсыз жерлерге арналған көлікпен саяхаттар ұйымдастырады. Ауылдық аналар кеңесінің мүшелері де киіз үйде қонақтарды ұлттық тағамдармен күтіп, түскен табыстың бір бөлігін балабақшаларға көмекке жұмсайды.
«Алтынемел» паркінде құстардың 200-ден астам, сүтқоректілердің 70-ке жуық түрі тіршілік етеді. Құландардың саны 3500-ден асқан, туристер оларды жақын жерден көре алады. Саябақ аумағында Ақтау, Қатутау тәрізді табиғи ескерткіштер мен биіктігі 150 метр, ені үш шақырымға жуық «Айқайқұм» құм төбесі бар. Құм сырғыған кезде шығатын ерекше дыбыс шетелдік қонақтарды да таңғалдырады.
Дереккөз: 24.kz. Фото: 24.kz

