Жетісу облысында ауыл мектептері оқушыларына арналған «Айқанат» республикалық олимпиадасының аудандық кезеңі басталды. Бұл туралы tinfo.kz порталы хабарлады. Басылымның мәліметінше, сайыс 2026 жылғы 24 қазанда басталып, оған өңірдегі ауыл мектептерінің 8-сынып оқушылары қатысуда. Барлығы 2993 бала білімін сынап жатыр.
Олимпиада облыстың сегіз ауданында бір мезгілде өтуде. Қатысушылар IQanat High School of Burabay мектебінде грант бойынша оқуға мүмкіндік беретін 125 орын үшін бақ сынасады. Яғни ең үздік нәтиже көрсеткен оқушылар білімін аталған мектепте тегін жалғастыра алады.
«Айқанат» жобасы ауыл балаларына жаңа мүмкіндік ашып, сапалы білім алуына жол көрсетуді мақсат етеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастама ауыл мектептеріндегі дарынды балалардың білімге деген құштарлығын арттырып, олардың арманына жетуіне көмектеседі. Сонымен қатар олимпиада жас таланттардың әрі қарай дамуына нақты жол ашатын маңызды білім беру қадамы ретінде бағаланады.
Дереккөз: tinfo.kz. Фото: tinfo.kz

